Солтүстікқазақстандық қоғам белсенділері Президенттің Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында айтқан ойларына, ұсыныстарына пікір білдіруді жалғастырып жатыр. Бәрі Президенттің айтқанын қолдайды, оны жүзеге асыру жолында еңбек етеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Саясатқа жақын теріскейліктер бұған дейінгі алқалы басқосуларды ой елегінен өткізген. Сонда ел өміріне тікелей әсер етер, пайда әкелер оң нәтижені байқапты.
Президент: «Қыз алып қашу — адам ұрлау деген сөз»
«Ұлттық Құрылтайдың 4 жылдық нәтижесі — біздің қоғамда «Заң және тәртіп» концепциясының қалыптасуы. Ол біздің өскелең ұрпаққа арналған. 26 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді. Заңдар қабылданды. Оның барлығын қолдаймын. Бірақ, басты мәселе — заң бұзушылықтың алдын алу. Бұл — жаңа идеология», — заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева.
Иә, заң бұзушылық қоғамға, адамның өміріне залал келтірері айдан анық. Ала жіпті аттау — болашаққа балта шабу. Осыны кейбір жастар түсінбей жүргені өкінішті. Өзекті мәселенің біріне Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тоқталды. Президентіміз атап өткен жайт еріксіз жерге қаратады.
«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс.
Қоғамдағы тыныштық, тұрақтылық Тәуелсіз Қазақстанды алға жетелейді. Қазір ел билігі осыған күш салып жатыр. Бұл ерте ме, кеш пе жемісін беруі тиіс. Президент ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаруалар енді басталғанын тілге тиек етті. Қиындықтан жалтарып немесе табысқа тоқмейілсіп отыруға хақымыз жоқ. Бұл тұрғыда бізге бірлік қажет.