Солтүстік Қазақстан облысында полиция департаменті 2025 жылдың қорытындысын шығарды. Жалпы алғанда, өңірдегі криминогендік ахуал тұрақты болып қалуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
СҚО-да құқық бұзушылықтардың жалпы саны 13%-ға, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар 7,1%-ға азайды. Жиынға төрағалық еткен СҚО полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов заңдылықты қамтамасыз етудегі проблемалық мәселелерге назар аударды. Ол бағынысты қызметкерлерді интернет-алаяқтықтың алдын алу, бұрын жасалған қылмыстарды ашу, жол қауіпсіздігін нығайту бағыттары бойынша жұмысты күшейту қажеттігін айтты.
Өкінішке қарай, облыста мас күйінде жасалатын қылмыстар мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Олардың үлесі 31 пайызды құрайды. Оң үрдістер қатарында бұрын сотталғандар жасаған қылмыстардың (280-нен 256-ға дейін), кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың (48-ден 37-ге дейін), тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың (84-тен 78-ге дейін), сондай-ақ әйелдерге қатысты қылмыстардың (1255-тен 1060-қа дейін) тұрақты түрде төмендеуі атап өтілді.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында анықталған кемшіліктерді жүйелі түрде жою қажет. Бұл жұмысқа бөлім басшылары тікелей жауапты болады», — СҚО ПД бастығы Абай Жүсіпов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да республикалық маңызы бар автожолдардың қысқы жағдайы тексерілді

