Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістер ауқымды болатынын айтты. Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Президенттің айтуынша, бастапқыда Парламенттік реформа аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны одан да көп екені анықталған.
«2022 жылғы реформа кезінде Конституцияның 33 бабы жаңарды. Ал алдағы өзгерістер бұдан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Президент Конституциялық комиссия құру туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын айтты.
Комиссия құрамына 100-ден астам азамат енеді. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, БАҚ басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері және өзге де білікті мамандар болады. Комиссия жұмысына Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді.
«Комиссия барлық ұсынысты сараптап, қорытып, нақты өзгерістердің жобасын әзірлейді. Содан кейін жалпыхалықтық референдум өтетін уақытты белгілейміз», – деді Президент.
Тағы оқыңыз: Қозыбаев университетінің білім беру бағдарламалары «Атамекен» рейтингінде үздік деп танылды
Сурет ЖИ арқылы жасалды

