17 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы өтеді. Депутаттар отырыста Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды, деп жазады Qazaqstan Media.
Құжат денсаулық сақтау қызметкерлеріне қатысты физикалық зорлық-зомбылық пен қатыгездік үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Сондай-ақ жалпы отырыста бірқатар халықаралық келісімдер ратификациялау үшін ұсынылады. Атап айтқанда Қазақстан мен Франция Үкіметтері арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісім; Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісім.
Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайды. Олардың қатарында:
– рейтингтік қызмет туралы заң жобасы және оған ілеспе түзетулер;
– телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері;
– техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру;
– халықтың көші-қоны мәселелері;
– Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім;
– ЕАЭО мен үшінші тараптардың кедендік транзитінің бірыңғай жүйесіне қатысты ратификациялық келісімдер бар.
Тағы оқыңыз: Заречный кентінің тұрғындары жаңа баспанаға ие болды

