Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жылдық мереке қарсаңында пиротехниканы заңсыз сақтау мен сатуға қарсы профилактикалық іс-шара басталды. Бесінші желтоқсаннан бастап ел бойынша өтіп жатқан акция «Пиротехника» деп аталады және 2026 жылдың 3 қаңтарына дейін жалғасады, деп жазады Qazaqstan Media.
Полицейлер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері бірлесіп базарлар мен сауда орталықтарында рейд жүргізуде. Мақсат — пиротехникалық бұйымдарды сату, сақтау, тасымалдау және пайдалану тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету. Тексерулердің тағы бір бағыты — қауіпті, сертификатталмаған өнімдердің айналымына жол бермеу. Мамандардың айтуынша, сапасыз пиротехника өрттің шығуына, жарақаттануға және басқа да оқыс жағдайларға әкелуі мүмкін.
Шара «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында өтуде. Рейд барысында тәртіп сақшылары адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті түсіндіруде, сатушылар мен сатып алушыларды ережелермен таныстыруда.
Полицейлер тұрғындарға келесі ережелерді ұстануды ескертеді:
-
пиротехниканы тек рұқсат етілген сауда орындарынан алу;
-
нұсқаулықты мұқият оқу;
-
өнімді үй-жайдан тыс жерде пайдалануға;
-
балаларды жақын бақылауда ұстау.
«Рейд кезінде пиротехниканы рұқсатсыз сақтау немесе сату фактілері анықталса, заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Пиротехниканы заңсыз сақтап немесе сатқан жағдайда 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады», — деді СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы Ерболат Қабыров.
Кешенді шаралар өрттің, жарақаттанулардың және басқа да қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық конькиші Кристина Шумекова 4 күнде 6 алтын медаль алды

