Қызылжар ауданы өсімдік, мал және құс шаруашылығы бойынша облыста ең үздік нәтижелер көрсетті. Бұл туралы аудан әкімі Бейбіт Исманов өңірлік коммуникациялар қызметінде айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қызылжар ауданының әкімі Бейбіт Исманов агроөнеркәсіптік кешеннің экономиканың негізгі салаларының бірі болып қала беретінін атап өтті. Ауданда 217 шаруа және фермер қожалығы, 89 серіктестік жұмыс істейді.
Биыл егіс алқабы 200,1 мың гектарға жетті. Оның басым бөлігін дәнді дақылдар алып жатыр.
Аграрийлер 327,6 мың тонна өнім жинады. Орташа өнімділік гектарына 26,2 центнерді құрайды. Майлы дақылдарға бөлінген 47,1 мың гектар жерден 60,6 мың тонна өнім алынған.
«Тұқым жаңарту 11 пайызға жетті. Егіс жұмыстарына 3,4 мың тонна элиталық тұқым қолданылды. Минералды тыңайтқыштар енгізу көлемі 174 %-ға өсті», — деді әкім.
Мал шаруашылығы да тұрақты өсім көрсетуде. Қызылжар ауданында 19 сүт фермасы жұмыс істейді. Олардың 11-і — заманауи кешендер. 10 ай ішінде олардан 58 мың тонна сүт сауылды. Оның 44 мың тоннасы ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірілді. Аудан бұл бағытта облыс бойынша бірінші орында.
Қызылжар ауданы құс шаруашылығында да көш бастап тұр. Ауданда алты құс фабрикасы жұмыс істейді: «Фирма Алекри», «Партнес», «Птичий Двор», «Адель Құс», «Бескөл ПТФ» және «Жаңа Құс».
Ветеринариялық қауіпсіздікті арттыру үшін Асаново, Бәйтерек, Пеньково және Соколовка ауылдарында төрт жаңа мал қорымдары салынды. Ал Якорь ауылында алғашқы тұрақты ветеринариялық пункт ашылды.
Тағы оқыңыз: Есіл ауданындағы тағы бір ауыл орталықтандырылған сумен қамтылды

