Петропавлда дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Онда барлық аудан мен қаланың кәсіпкерлері өз өнімдерін саудаға шығарды. Тиімді бағамен таза өнімдерін Шал ақын ауданының саудагерлері де жеткізген. Олар сүт, ет өнімдерімен қатар, Жұмысшы кентінде ұйымдастырылған мал базарында жем-шөпті де саудалап жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Мадина Мадиеваның жеке кәсіпкерлігі бар. Облыс орталығындағы үлкен жәрмеңкеге алғаш рет қатысып отыр. Ол сүт өнімдерін ала келген. Өткен аптада Астана қаласында өткен ауқымды сауда шарасына қатысып, өнімдерінің бәрін сатыпты. Осы жолы да үйдің майы мен сүтіне сұраныс жоғары. Санаулы сағаттың ішінде тауарларының жартысын қалалықтар сатып үлгерген.

«Мен қарын майын әкелдім. Оны арнайы үш-төрт ай бұрын дайындадық. 300 кг өнімді саудаға шығардық. Келісін 5500 теңгеден сатып жатырмыз. Халық алып жатыр. Астанадағы жәрмеңке де жақсы өткен еді, онда жарты тоннадай саттық. Сонымен қатар жылқы мен қара малдың етінен жасалған үйдің шұжығын да ұсынып отырмыз. Жеке кәсіпкер болғанымызға бір жылдай ғана болды. Мұндай жәрмеңкелер саудагерлерге де, халыққа да тиімді. Біз өнімді сатсақ, тұрғындар қолжетімді бағада сапалы тауар ала алады», – дейді Мадина Мадиева.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде аталмыш ауданнан табиғи, таза өнімдерін «Шедебаев» ЖК де сөрелерге шығарды. Петропавлдықтар мен қала қонақтарына 30 литр сүт, 20 кг сары май, қаймақ пен құс және мал еттерін алып келген.

«Сауда өте жақсы жүріп жатыр. Бір сағаттың ішінде жартысын сатып үлгердік. Халықтың көңіл-күйі жақсы. Нағыз мереке болып жатыр. Біз төрт қойдың және сиыр етін әкелдік. Бағалары базардағыдан төмен. Мысалы, таза сүттің бағасы литріне 250 теңге, ал қолдың майы килограмына 5000 теңге. Бұл өте тиімді бағалар», – дейді Темірлан Шедебаев.
Жалпы, облыс орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеге Шал ақын ауданы жыл сайын белсенді қатысады. Халық арасында жоғары сұранысқа ие, тұрақты сатып алушылары да бар.

«Біз бұл жолы алты қара малдың, 20 қойдың, төрт жылқының етін әкелдік. Үш тонна картопты саудаға шығардық. Сонымен қатар сүт өнімдері де бар. Одан бөлек, шөп, сабан, жем секілді мал азығын да жеткізіп отырмыз. Жалпы Петропавлға ауданнан 30 тоннадан артық тауар әкелдік. Сауда жаман емес, біраз өнімді сатып үлгердік», – дейді Шал ақын ауданының кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Тілек Сұраған.
Тағы оқыңыз: Биыл 150-ден астам солтүстікқазақстандық «Заң және Тәртіп» цифрлық сервисін пайдаланған

