Базалық мөлшерлеменің көтерілуіне байланысты бірқатар банктер ипотекалық несие беру мен өтінім қабылдауды уақытша тоқтатты. Кейбірі барлық бағдарламаларын жапса, енді бірі тек серіктес құрылыс компанияларының жаңа үйлеріне несие беруді жалғастыруда, деп хабарлады QM тілшісі Крыша порталына сілтеме жасап.
10 қазан күні Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтерді. Бұл шешім инфляцияның өсуімен және сұраныстың шамадан тыс артуымен түсіндірілді. Сонымен қатар, 1 қарашадан бастап ипотека бойынша ең жоғары тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендетіледі. Бұл да несиенің қымбаттауын тежеуге бағытталған шара.
Неліктен банктер ипотеканы тоқтатты?
Базалық мөлшерлеменің көтерілуі банктердің несие мен депозит арасындағы айырманы — күрт азайтты. Екінші нарықтағы ипотекалар банктер үшін тиімсіз болып қалды. Қазір банктердің көбі екінші нарықтағы ипотеканы жауып, құрылыс компанияларымен серіктестік бағдарламалар арқылы жаңа үйлерді қаржыландыруға көшті.
Қай банктер ипотеканы уақытша тоқтатты?
14 қазанға арналған жағдай бойынша:
Altyn Bank – екінші нарықтағы ипотека өтінімдерін қабылдамайды, тек серіктес құрылысшылардың жаңа үйлері бойынша жұмыс істейді.
Банк ЦентрКредит – барлық ипотекалық бағдарламаларды техникалық себептермен уақытша тоқтатты, тек «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өтінім қабылдайды.
Нұрбанк – ипотека беруді және өтінімдерді қарауды тоқтатты.
ForteBank – барлық ипотекалық бағдарламаларды тоқтатты.
Freedom Bank Kazakhstan – екінші нарықтағы өтінімдерді тек жалақы жобасына қатысушылар мен «Фридом» холдингі қызметкерлерінен қабылдайды. Басқалары үшін қабылдау уақытша тоқтатылған. Ал жаңа үйлер үшін серіктес құрылыс компанияларынан пәтер сатып алуға арналған каскадты ипотека қолжетімді (максималды сома – 35 млн теңге).
Halyk Bank – екінші нарықтағы ипотека өтінімдерін қабылдауды тоқтатты.
Банктердің түсіндіруінше, кепілдік хат алған клиенттер несиесін рәсімдей алады. Бірақ жаңа өтінімдер қабылданбайды. Қайта іске қосу мерзімдері мен шарттардың өзгеруі туралы нақты ақпарат жоқ. Қазір екінші нарықтағы ипотекаға тек Отбасы банк арқылы ғана өтінім беруге болады.
«Екінші нарықтағы ипотеканың уақытша тоқтатылуы — банктердің жаңа жағдайға табиғи реакциясы. Мұндай несиелердің тәуекелі жоғары, ал табыстылығы төмен. Бұл ипотека жойылады деген сөз емес. Қаржы жүйесі бейімделгіш: банктер комиссия, сақтандыру және баламалы схемалар арқылы табыс таба алады. Қазірдің өзінде жаңа форматтар пайда бола бастады — мысалы, БЦК-ның “JANA ипотекасы” немесе ForteBank ұсынған ұқсас 50/50 үлгісі. Яғни банктер нарықтан кетіп жатқан жоқ, қайта бейімделуде.»,- деді Krisha.kz сату бөлімінің жетекшісі Имран Османов:
Тағы оқыңыз: СҚО-ға елге танымал мемлекеттік би ансамблі келеді