СҚО-да ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен жиын өтті. Алқалы отырысқа барлық деңгейдегі әкімдер, басқарма басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan media тілшісі.

Шараның мақсаты айқын — Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған дүниелерді халыққа жеткізу, берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындау. Алқалы жиынның шымылдығын аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ашып, өңірдің экономикалық даму қарқынына тоқталды.

ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті
ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті

«СҚО-да 600-ге жуық ауыл бар. Соның 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл өңірде 1100 шақырым жол жөндеу көрді. Аграрилерге «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 105 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын абыроймен атқаруға зор көмегін тигізді. Өңірде жыл сайын түрлі кәсіпорындар ашылуда. Осының нәтижесінде жұмыссыздық саны 4 пайызға дейін қысқарды», — деді СҚО әкімі.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында инвестиция тарту бағытына ерекше назар аударды. Бұл жұмыс Мағжан Жұмабаев ауданында оң жолға қойылған. Аталған аймақта Орталық Азиядағы ең ірі тауарлы сүт фермасы салынып жатыр.

Жоба құны — 8 млрд теңге. Тағы осындай кәсіпорын «Булаево жер» серіктестігінде де тұрғызылуда. Өндіріс орындары қолданысқа берілгеннен кейін 110 адам жұмыспен қамтылады. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың сөзінше, қазақтың нар тұлғасының аты берілген аймақта Президенттің тапсырмасы жүйелі түрде орындалып жатыр. Оның ішінде шекаралық өткізу бекетін жаңарту жұмысын ерекше атап кетуге болады.

ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті
ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті

«Ауданда «Қарақоға» шекаралық өткізу бекеті жұмыс істейді. Нысанды келесі жылы жаңғыртатын боламыз. Маңызды жұмыс аясында электрондық кезек жүйесі енгізіледі. Соңғы 5 жыл ішінде ауданда 5 млрд теңгеге 241 шақырым жол жөнделді», — деді Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі Рахат Смағұлов.

Алқалы жиын барысында ауылдық округтер де назарсыз қалмады. Әкімдерінің баяндамасы тыңдалып, атқарылып жатқан жұмыстар жоғары бағаланды. Мәселен, қазіргі таңда Есіл ауданындағы Николаев ауылдық округінде 1300-ден астам адам тұрады.

Құрамына кіретін елді мекендерде заманауи техникамен жабдықталған 15 агроқұрылым бар. Олардың барлығы халықты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті
ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті

«Шағын және орта бизнес субъектілеріне зор қолдау көрсетіп отырмыз. Қазіргі таңда ауылдық округте 19 жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді. Соңғы 2 жылда 100-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды», — деді Николаев ауылдық округінің әкімі Далабай Қабдуалиев.

Мәлік Отарбаев облысқа Президент Жолдауындағы маңызды бағыттарды түсіндіру үшін келген. Мемлекет басшысының кеңесшісі өзекті мәселелерді жасанды интелектінің көмегімен шешуге болатынын айтты. Сондай-ақ, облыстағы атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады.

ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті
ҚР Президентінің кеңесшісі Солтүстік Қазақстан облысының активімен кездесті

«СҚО-ның даму қарқынын жоғары бағалаймын. Кеше ғана Есіл ауданының тұрғындарымен кездестім. Тұрмыстарының жақсы екеніне көзім жетті. Алға баса беріңіздер», — деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев.

Мәлік Нұржанұлы облыстағы өзекті мәселелерді да көрді. Оларды Мемлекет басшысына жеткізіп, шешу жолында біршама жұмыс атқарылатынын айтты.

Тағы оқыңыз: СҚО-да Ж.Тілеулиннің 135 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *