Петропавлда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл жолы Есіл ауданының тұрғындары ортақ іске атсалысып, Ойқала шағын ауданында жүзге жуық жас көшет отырғызды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ойқала аумағын абаттандыру жұмыстары мамыр айында басталған. Жобаға облыстың барлық аудандары қосылған. Әр ауданға төрт гектар жер бөлінді. Тасқын судан кейін бұзылған аумақта енді жолдар салынып, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарық шамдары орнатылды. Енді кезек ағаштар мен талдарды отырғызуға келді.

Есіл ауданына бекітілген аумақта бүгінде жүзге жуық қылқан жапырақты ағаш пен қайың өсіп тұр. Сенбілікке 30-дан астам адам қатысты. Олардың қатарында әкімдік қызметкерлері, мектеп өкілдері, белсенділер және жай ғана бейжай қарамайтын тұрғындар болды. Сенбілікке катысушыларға ыстық шай мен тамақ дайындалды. Себебі жұмыстардың барлығы күзгі салқында істеліп жатыр.
Аудан әкімдігінде атап өткендей, бұл сенбіліктің екінші кезеңі. Алдымен аумақ қоқыстан тазартылған, енді көгалдандыру жүргізілуде.

«Әрбір отырғызылған көшет – болашаққа қосқан үлес. 10–20 жылдан кейін бұл ағаштар бүгінгі еңбекті және аудан тұрғындарының бірлігін еске салады», – деді Есіл ауданы әкімдігі.
Су тасқынынан зардап шеккен аудандарда барлығы екі мыңға жуық ағаш пен 74 шағын саябақ пайда болады.
Тағы оқыңыз: «Құлагер» ХК басшысы ойыншылардан алдап ақша алып, қашып кеткен