Елімізде «Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» жаңа Заң жобасы дайындалып жатыр. Құжат Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы мен Парламент Сенаты депутаттарының бастамасы аясында әзірленуде, деп жазады Qazaqstan Media.
Заңның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балалар сапалы білім алу үшін медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге тең әрі үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету.
«Заңның қабылдануы кешенді көмекке мұқтаж балалар үшін келісілген, атаулы және тұрақты қолдау жүйесін құруға мүмкіндік береді. Құжат Қазақстанға 2024 жылы БҰҰ-ның Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті берген ұсынымдарын іске асыру мақсатында әзірленді», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Бұлбұл Елеусінова.
Қазіргі таңда Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мың бала бар. Бұл бағытта 508 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.
Инклюзивті білім беруді кеңейту үшін әрбір білім беру ұйымында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтері ашылды. Қазіргі таңда 29 мыңнан астам маман көмек көрсетіп отыр, мыңнан аса инклюзия кабинеті жұмыс істейді. Жалпы, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту деңгейі 85%-ды құрайды.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық палуан Торғайда өткен турнирде топ жарды!