Солтүстік Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені үшін кадр даярлау тәсілі де жаңармақ. Жаңа оқу жылынан бастап облыстың бес ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен серіктестікте агросыныптар жұмысын бастайды. Мұнда оқушылар заманауи агротехнологиялармен танысып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан облысында білім беру жүйесін өңір экономикасының жаңа талаптарына бейімдеу көзделіп отыр. Алдағы жылдары инженерлерге, технологтарға, автоматтандыру, логистика, энергетика, цифрлық жүйелер және өндірісті басқару саласының мамандарына сұраныс артады. Бұл туралы облыс әкімі педагогтердің тамыз конференциясында айтты.
«Бізге инженерлер, технологтар, автоматтандыру, логистика, энергетика, цифрлық жүйелер және өндірісті басқару саласының мамандары қажет. Дәл осындай кадрлық база облыстың индустриялық дамуын қамтамасыз етуі тиіс», — деді облыс әкімі.
Агроөнеркәсіп кешені үшін кадр даярлау тәсілі де жаңармақ. Жаңа оқу жылынан бастап облыстың бес ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен серіктестікте агросыныптар жұмысын бастайды. Мұнда оқушылар заманауи агротехнологиялармен танысып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік алады.
Облыс әкімі жуырда өткен халықаралық инвестициялық форум өңірдің жаңа индустриялық экожүйесін дамытудың негізгі бағыттарын айқындағанын атап өтті. Ендігі міндет — білім беру саясатын осы экономикалық басымдықтармен сәйкестендіру.
Осыған байланысты облыстық білім басқармасына жұмыс берушілермен бірлесіп оқушыларға кәсіптік бағдар беру тәсілдерін жаңарту, колледждер мен кәсіпорындардың байланысын күшейту тапсырылды.
«Біз нақты әрі түсінікті траектория құруымыз керек: мектептегі бейіндік дайындық – колледжде немесе жоғары оқу орнында сұранысқа ие мамандық алу – өндірістік тәжірибе – өңірде кәсіби тұрғыда жүзеге асуға мүмкіндік», — деді өңір басшысы.
Өңір басшысының айтуынша, түпкі мақсат — мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының өзара байланысын күшейтіп, бірыңғай білім беру жүйесін қалыптастыру.
Тағы оқыңыз: СҚО диқандары орақ науқанын 20 пайызға аяқтады

