Петропавл екінші жылу электр орталығы қысқа дайын ба? Атқарылған жұмыстармен БАҚ өкілдері танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Әзірге күн күліп тұрғанымен ертең-ақ қыс келеді. Осы орайда Петропавл екінші жылу электр орталығында танысу шарасы ұйымдастырылды. Қуат орталығына БАҚ өкілдері арнайы шақырылған. Тілшілер қауымына тындырылған жұмыстардың барлығы баяндалады.
Петропавл екінші жылу электр орталығындағы жөндеу, қайта қалыпқа келтіру жұмыстарына жылда қыруар қаржы бағытталады. Биыл төрт млрд теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асқан. Қомақты қаражатқа қазандық және турбоагрегат күрделі жөндеу көрді. Бойлерлер жаңасына ауыстырылды.
Орталықтың бір мұржасы бертін тұрғызылса, екеуі бұрыннан жұмыс істеп тұр. Қыста екі аяқ бір етікке тығылмас үшін №3 түтін мұржасы қайта жаңғыртылуда. Жұмысқа 1 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған.
«№3 түтін мұржасын қайта жаңғырту жұмыстары 2027 жылы аяқталады. Бұл – жоспардағы жұмыс. Қазір нысан қанағаттанарлық күйде жұмыс істеп тұр. Алаңдауға еш негіз жоқ. Сапаға баса назар аударылады. Жұмыс мәресіне жеткесін қайта техникалық тексеру жүргізіледі», — деді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Анатолий Казановский.
Таныстырылым барысында тілшілер қауымын станция жабдықтарының техникалық жағдайы қызықтырды. Бас директор сауалдарға бүкпесіз жауап берді. Осы күні тозу деңгейі 58 пайызды құрайды. Орталық басшылығы көрсеткішті төмендету бағытындағы жұмысты жалғастырмақ.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жантүршігерлік жол апатынан балабақша директоры мен екі тәрбиеші қаза тапты


