Петропавл қаласында «Жұмысшы мамандықтар: бүгіні мен болашағы» атты дөңгелек үстел өтті. Оған бір салада бірнеше жыл еңбек етіп жүрген жандар қатысып, жастарға өз кәсібі жайлы айтты. Тәжірибелерімен бөлісіп, кеңес берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған іс-шараға 40 жылдық тәжірибесі бар механизатор Орақ Шаханов да қатысты. Ол залға жиналған мектеп оқушылары мен студенттерге жұмысының қыр-сыры жайлы айтып, еңбек жолын баяндап берді.
«Механизатор — ауыл шаруашылығындағы ең маңызды мамандықтардың бірі. Бұл — күн-түн демей, ыстық-суыққа қарамай еңбек етуді талап ететін ауыр, бірақ қадірлі жұмыс. Жердегі еңбек әрдайым құрметке лайық, ал жұмысшы мамандық иелері — қоғамда әрқашан сыйлы болады», — дейді Орақ Шаханов.
Дегенмен, бұл салада қазір кадр тапшылығы байқалады. Өйткені, жастар ауылда еңбек еткісі келмейді. Ауыр жұмыстан қашады. Сондықтан тәжірибелі маман жастарды жұмыстан қорықпауға шақырып, кеңес берді. Өйткені, еңбекпен тапқан нан тәтті.
«Мен Жамбыл ауданында тұрып, сол жерде әлі күнге дейін еңбек етіп келемін. 1980 жылы механизатор мамандығы бойынша оқуымды аяқтап, еңбек жолымды совхозда бастадым. Содан бері К-700 тракторында жұмыс істеп келемін. Ешкімнен кем қалған жоқпын. Басқа жұмысқа ауысу туралы ойлаған да жоқпын. Жұмысым өзіме ұнайды. Таңдаған ісіңді жақсы көріп, кәсібіңе адал болу керек. Сонда ғана жетістіктерге жетіп, қоғамда әрқашан сыйлы боласың», — дейді Орақ Шаханов.
Тағы оқыңыз: Солтүстікқазақстандық өнерпаздар президент қолынан марапат алды