Петропавлдың орталық алаңында Солтүстік Қазақстан университетінің SAMGAU–2026 түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Мерекелік көңіл күйге толы кешке түлектер, олардың ата-аналары, оқытушылар мен қала тұрғындары жиналды. Биыл университетті 1500 студент тәмамдаса, олардың 980-нен астамы мемлекеттік грантта білім алған. Ерекше оқиға – Kozybayev University мен Аризона университетінің бірлескен бағдарламалары бойынша білім алған алғашқы түлектердің қос диплом иегері атануы болды, деп жазады Qazaqstan Media.
Салтанатты шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джули Стаффт, Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла және басқа да құрметті қонақтар қатысты.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл күннің өңірдің жоғары білім беру саласы үшін маңызды екенін атап өтті.

«Биыл университетті 1500 студент аяқтады. Оның 980-нен астамы мемлекеттік грантта оқыды. Ең бастысы – қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектері түлеп ұшты. Бүгінде СҚУ еліміздегі беделді жоғары оқу орындарының біріне айналып келеді», – деді өңір басшысы.
Аризона университетінің президенті Суреш Гаримелла төрт жыл бұрын басталған жобаның нәтижесін ерекше атап өтті.
«2022 жылы қос диплом бағдарламасына небәрі 43 студент қабылданған еді. Қазір онда 368 студент білім алып жатыр. Бүгін біз алғашқы түлектерімізді үлкен өмірге шығарып салудамыз. Олар жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болуға толық дайын», – деді ол.
Қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі -Нұргүл Сыздықова. Ол бұл жоба өзіне тың мүмкіндіктер ашқанын айтты.

«Біз теория мен практиканы ұштастыра білдік. Бір семестр Аризона штатында оқыдық. Бұл – көпшілік үшін қолжетпес мүмкіндік. Бағдарлама маған сапалы біліммен қатар, болашаққа деген үлкен сенім сыйлады», – деді жас маман.
Биыл диплом алғандардың қатарында халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшы Ербол Хамитов та бар.
Қазіргі таңда Kozybayev University мен Аризона университетінің бірлескен бағдарламаларында 1200-ден астам студент білім алуда. Алғашқы қос диплом иегерлерінің түлеп ұшуы халықаралық білім беру саласындағы әріптестіктің жемісті нәтижесін көрсетті.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Конституция күніне орай көшеде квест ұйымдастырылды

