Бүгін – мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Петропавлда айтулы датаға орай 40-тан астам сала маманы құрметке бөленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл – еліміз үшін маңызы айрықша мереке. Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы. Аталған құндылықтарды сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары анық. Өнерлі жандарды төл мерекелерімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
«Облыстың мәдениет саласында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта жергілікті университетте Қ. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалы ашылады. Жазушыларға зор көлемде сыйақы беруді жоспарлап отырмыз. Төл мерекеліңіз құтты болсын! Отбасыда бақыт, қызметті табыс тілеймін!», — деді СҚО әкімі.
Облыс әкімінің ізгі тілегінен кейін кезек марапаттау рәсіміне келіп жетті. Шарада барлығы 40-тан астам сала маманы түрлі деңгейдегі марапат алды. Шарада құрметке бөленгендердің арасында сала ардагері Қуанған Иманқанұлы болды. Ақсақал 55 жыл бойы ұл-қыздарға ұлттық би мен өнерімізді үйретіп жүр. Айта кету керек, бүгін Қуанған Иманқанұлына ұлттық мәдениетті дамыту және насихаттауға қосқан үлесі үшін “Еңбек ардагері” медалі табысталды.

«Мен – Моңғолияның тумасымын. Ресейдегі өнер академиясында тәлім алғанмын. 2006 жылы теріскейге көшіп келдім. Өнер адамының жауапкершілігі мол болуы қажет. Әрдайым ізденісте болғаны абзал», — деді марапат иесі.
Айтулы шараның соңында облыс әкімі С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына су жаңа автобус тарту етті. Қара шаңырақ 26 жыл бойы өңір тұрғындарын мазмұнды қойылымдарымен қуантып келеді. Директор Біржан Жалғасбаевпен тілдестік. Ол тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті.
«Президент театрға «академиялық» мәртебесін беруді ұсынды. Бұл мәртебені алу оңай емес. Алдағы уақытта «ұлттық» дәрежесіне жеткізгіміз келеді», — деді Біржан Жалғасбаев.
Тағы оқыңыз: ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Петропавлдағы кәсіпорындарды аралады

