Петропавлда Отбасы күніне орай «Отан отбасынан басталады» облыстық байқауы өтті. Биыл конкурсқа жеті жанұя қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Байқауға облыстың әр ауданынан жеті отбасы қатысып, өздерінің отбасылық дәстүрлері мен жетістіктерін таныстырды. Жеңімпаздар «Азамат тәрбиелеген отбасы», «Алтын шаңырақ» және «Күміс кереге» номинациялары бойынша анықталды. Оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

«Байқау жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, өнегелі шаңырақтарды көпшілікке үлгі ету. Берік жанұя – қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің негізі», — деді СҚО Аналар кеңесінің төрайымы Жұлдыз Саттарова.
Конкурс қорытындысы бойынша Мамлют және Аққайың аудандарынан келген отбасылар жеңімпаз атанды. Мамлют ауданынан келген Чукуевтер әулеті «Алтын шаңырақ» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Амангелді және Рауза Чукуевтердің шаңырақ көтергеніне биыл 50 жыл толған. Ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп, алты немере сүйіп отыр. Отбасының ерекшелігі – барлық мүшесінің теміржол саласында еңбек етуінде. Отағасы осы салаға 40 жылын арнаған.

Ұзақ жылдар бойы отбасының берекесін сақтауда өзара түсіністік пен сыйластықтың маңызы зор. Біз әр шешімді бірге қабылдап, үнемі ақылдасып отырамыз», — деді отағасы.
Тағы оқыңыз: Айыртауда егін жинау науқанының 80 пайызы орындалды

