Қазанның 13-і күні облыс орталығы мен өңірдің барлық аудандарында кезекті «Құқықтық дәріхана» акциясы өткізілді. Оның барысында құзырлы орган қызметкерлері 117 азаматты қабылдап, кеңес берді, деп жазады Qazaqstan Media.
Акция құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған. Заң бұзушылықтарды уақтылы анықтау және азаматтардың құқықтарын нақты қалпына келтіруге бағытталған. Осы жолы сот актілерін орындау, әлеуметтік және еңбек құқықтарын сақтау мәселелері қаралды. Сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мәселен, құқықтық көмек алу үшін соттың заңды күшіне енген шешімінің орындалуына ұзақ уақыт бойы қол жеткізе алмай жүрген азамат жүгінді. Ол мәселені шешу үшін бірнеше рет әрекет жасаған. Бірақ, одан түк шықпапты. Бұл оның заңды мүдделерін іске асыруына кедергі келтіріп отыр. Өтінішті қарау барысында прокурорлар өндіріп алушының құқықтарын қорғаудың заңнамада көзделген тетіктерін түсіндірді. Мәселені шешу үшін одан әр не істеу керектігін айтты. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша мәселе бақылауға алынды.
«Құқықтық дәріхана» акциясы жалғасын табады. Прокуратура органдарының жұмысы әрбір азаматтың қажетті құқықтық көмекті уақтылы алуына, ал анықталған заң бұзушылықтарға тиісті құқықтық баға беріліп, олардың жойылуына бағытталған»,- дейді СҚО прокуратурасы.
Жалпы, акция барысында 117 азамат қабылданды. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс прокуратурасы өткізген «Құқықтық дәріхана» акциялары аясында 3 500-ден астам азамат қабылданды.
Облыс прокуратурасы тұрғындарды алдағы уақытта да «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында білікті құқықтық көмек алу мүмкіндігін пайдалануға шақырады. Петропавлда әр сейсенбі сайын «Рахмет» сауда үйінде қйымдастырылады. Сондай-ақ аудандарда сауда-ойын-сауық орталықтарында, ХҚКО-да, мәдениет үйлерінде, аудандық ауруханаларда және басқа да орындарда өткізіледі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда полицей 3 миллион теңгесін аудармақ болған ер адамды әрең тоқтатты

