ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі облыс тұрғындарымен кездесті
Облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңір тұрғындарымен кездесті. Көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Келген мейманның сөзінше, жыл сайын сала қарқынды дамып келеді. Соңғы жеті жылда елімізде 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынған. Қазіргі таңда Қазақстанда 280 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Олардың жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Бұл мақсатқа қазынадан 33 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар, ауылдық елдімекендерде еңбек ететін 530 маманға 4,5 млрд теңге бірреттік көтермеақы берілді. 32 аудандық аурухана күрделі жөндеу көрді. Былтыр ел тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктеріне 9 трлн теңге жұмсалған. Баяндама аяқталғаннан кейін тұрғындар вице-министрге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя алды.
ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі облыс тұрғындарымен кездесті
«Менің 2 мүмкіндігі шектеулі балам бар. Ем қабылдау үшін емханалар мен ауруханаларға жазылайын десек, әрдайым бос уақыт болмайды. Мекемелердің өзіне барсақ, сіз алдын ала жазылмағансыз деп қабылдамайды. Осы мәселені назарға алсаңыз. Менің ойымша, мүмкіндігі шектеулі балалар кезек күтпеуі қажет. Ерекше ұл-қыздарды қабылдайтын жеке дәрігер болса екен деймін», — деді қала тұрғыны Анастасия Григорьева-Яковлева.
ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі облыс тұрғындарымен кездесті
«Біз сізге міндетті түрде көмектесеміз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми өтініш қалдырыңыз. Мәселені шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарылатын болады», — деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.
Кейін Тимур Сламжанұлы БАҚ өкілдерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Облыстың медициналық мекемелеріне 140-қа жуық дәрігер жетіспейді. Қазіргі таңда өңір үшін білікті дәрігер ат басындай алтыннан қымбат десек қателеспейміз. Тілшілердің көбі аталған өзекті мәселені шешу жолдарын сұрады. Тимур Сламжанұлы БАҚ өкілдерімен кездескеннен кейін облыс тұрғындарын жеке қабылдады.