Қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне көңілі толатынын және алдағы уақытта жағдайының жақсаратынына сенетінін айтты. Бұл туралы DATAmetrics компаниясы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде белгілі болды, деп жазады Qazaqstan Media.
Зерттеу 13 маусым мен 2 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша өткізілген. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам қатысқан.
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 95,2 пайызы өз өміріне қанағаттанатынын жеткізген. Оның ішінде 63,3 пайызы өміріне толық риза болса, 31,9 пайызы көбіне көңілі толатынын айтқан. Ал өз өміріне көңілі толмайтындардың үлесі 4,5 пайызды құрады.
Отбасының материалдық жағдайына қатысты да оң пікір басым. Қатысушылардың 67,6 пайызы соңғы бір жылда тұрмысы жақсарғанын айтқан. Ал 25,5 пайызы жағдайы өзгермегенін, 6,6 пайызы керісінше нашарлағанын мәлімдеген.
Болашаққа қатысты да қазақстандықтардың көңіл күйі жақсы. Сауалнамаға қатысқандардың 78,6 пайызы бір жылдан кейін қазіргіге қарағанда жақсы өмір сүретініне сенімді. 15,9 пайызы өмір деңгейі өзгермейді деп есептесе, 3,4 пайызы жағдайының нашарлауын күтетінін айтқан.
Зерттеу авторларының айтуынша, сауалнама ел халқының әлеуметтік-демографиялық құрамына сай жүргізілген. Қала мен ауыл тұрғындарының үлесі, жынысы мен жас ерекшелігі ескерілген. 95 пайыздық сенімділік деңгейінде статистикалық қателік ±1,1 пайыздан аспайды.
Бұл зерттеу нәтижелерін DATAmetrics компаниясы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі жазбаша хабарламасы негізінде жариялады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «КыздарНет» сайты арқылы жеңгетайлыққа жәрдемдесу фактісі бойынша Қазақстандағы алғашқы үкім шықты

