Қазақстанда жанар-жағармайды заңсыз әкетудің жолын кесу мақсатында қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатқан жүргізушілерге бақылау күшейтілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің маңында 59 полиция бекеті жұмыс істеп тұр. Онда полиция қызметкерлері басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, шекарадан өтетін көліктерді тексереді.
Жыл басынан бері көлік құралдарын заңсыз қосымша отын бактарымен қайта жабдықтаудың 255 дерегі анықталған. Барлық жүргізуші Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жауапқа тартылғандардың 195-і – шетел азаматтары, ал 60-ы – Қазақстан азаматтары.
ІІМ мәліметінше, заңсыз орнатылған қосымша жанармай бактары міндетті түрде бөлшектеледі. Осыдан кейін ғана көлік иелеріне көліктері кері қайтарылады.
Еске салайық, бұған дейін Энергетика министрлігі жанар-жағармайдың заңсыз сыртқа шығарылуын тоқтату мақсатында көрші елдерден келетін жеңіл және жүк көліктерінің Қазақстан аумағына тәулігіне бір реттен артық кіруіне шектеу енгізілгенін хабарлаған болатын.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы жылу магистралінің құрылысына Үкіметтен 650 млн теңге бөлінді

