Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Мағжан Жұмабаев ауданында болды. Ол Булаево қаласында орман шаруашылығы қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Тәшімов салада атқарылған жұмысты баяндады.
«СҚО-дағы орман қоры 688 мың гектарды құрайды. 12 орман шаруашығы бар. Мекемелерде 800-ге жуық адам жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бері 74 мыңнан астам көшет отырғыздық. 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 122 млн-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», — деді Ерлан Тәшімов.
Кейін Қанат Бозымбаев орман өртін сөндіру станциясының жұмысымен танысты. Бекет 2025 жылдың соңында ашылған. Жоба құны — 214 млн теңге. Ішінде өрт сөндіруге керектінің бәрі бар. Мұнда орнатылған 25 метрлік мұнараны ерекше атап өтуге болады. Ондағы камералар арқылы аумақты бекетте отырып-шолуға болады. Айта кету керек, Мағжан Жұмабаев ауданының орман қоры 88 мың гектарды құрайды.
Станцияда арнайы команда бар. Олар: жүргізуші, отты сөндіретін екі маман және кезекші трактор жүргізуші. Өрт сөндірушілерге арналған қызметтер киімдер, құралдар жеткілікті көлемде берілді. Бекетті аралағаннан кейін атқамінерлер өрт сөндірушілермен және орманшылармен кездесті.
«Жасыл желек — біздің байлығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтап, қорын молайтуымыз қажет. Бұл бағытта орман шаруашылығы қызметкерлерң аянбай еңбек етіп келеді. Мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр», — деді Қанат Бозымбаев.
Тағы оқыңыз: СҚО аудандарында өткен тазалық шараларына 1500-ден астам адам қатысты

