Президенттің саяси реформаларға арналған Жолдауында айтылған бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Соның маңызды бөлігі 1 шілдеден бастап күшіне енді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Осы күннен бастап Қазақстанда жаңа Конституция қолданысқа енгізілді. Ол 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданған болатын. Елдің саяси жүйесі өзгерді. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылды. Ол заң шығаратын ең жоғары өкілді орган болды.
Қазақстанда алғаш рет вице-президент лауазымы енгізілді. Оны Президент Құрылтайдың келісімімен тағайындайды. Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастады. Ол халықтың мүддесін білдіретін консультативтік орган болады.
Конституциялық реформаларға байланысты ондаған заң мен кодекс жаңартылды. Өзгерістер сайлау, сот, прокуратура және басқа да салаларды қамтыды.
Енді дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, таратуға тыйым салынады.
Бас прокурор инвестициялық омбудсмен мәртебесіне ие болды.
1 шілдеден бастап Алатау қаласы ерекше құқықтық мәртебе алды. Қалада инвестиция мен инновацияны дамытуға арналған арнайы құқықтық режим енгізілді.
Сондай-ақ жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құрылысқа қойылатын талаптар күшейтілді. Барлық маңызды жобалар міндетті сараптамадан өтеді.
Астана қаласының мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң да қолданысқа енгізілді. Конституцияның түпнұсқасы мен мемлекеттік рәміздердің эталондары «Ақорда» резиденциясында сақталатыны заңмен бекітілді.
Осылайша, Президент Жолдауында жарияланған саяси реформалардың кезекті кезеңі іске асып, Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесі мен заңнаманың жаңа моделі жұмысын бастады.
Тағы оқыңыз: «Конституция негіздері» мен «Қазақстан географиясы» мектеп бағдарламасына енеді

