агрокөрме

Петропавлда «Агро Қызылжар 2023» көрмесі өтті. Іс-шараға Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Қостанай қалаларының және өңірдің компаниялары қатысты. Олар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге саланы цифрландыруға қажетті жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмек сынды өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

агрокөрме

Былтыр СҚ-да ауыл шаруашылығын дамытуға және тың жобаларды іске асыру үшін 15 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға өңірде сүт-тауарлы фермалар, бордақылау алаңдары, жылыжайлар салынды. Жылда  өңір диқандары 4,2 млн гектарға егін ексе, соның 1 млн гектарына майлы дақыл сіңіріледі.

«Агроөнеркәсіптік кешен бұл – өңір экономикасының негізі. Бұл сала жалпы өңірлік өнімнің төрттен бір бөлігін алады. Облыстың ауыл шаруашылығы саласында төрт мыңға жуық ауылшаруашылығы тауарын өндіруші жұмыс атқаруда. Бүгінгі көрме жұмысына сәттілік тілеймін», – деді өз сөзінде СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.

 

Көктемгі дала жұмыстарын және орақ науқанын заманауи озық техникасыз елестету мүмкін емес. Осы ретте өңір аграрийлері жылда техника паркін жаңартып отырады. Мәселен, былтыр 2 мың бірлік су жаңа техника сатып алынды. Тракторлар мен комбайндарға біртіндеп енгізілетін заманауи технологиялар да жоғары өнімділікке қол жеткізуге көмектеседі. Ал мұндай көрмелер шаруаларды нарықтағы жаңа өніммен таныстырады.  

«Жалпы осындай көрмені әр өңірде өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз ауыл шаруашылығы саласын  дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың басын біріктіріп, олардың өзара тәжірибе алмасуы үшін жағдай жасағымыз келді. Мұндай жиындардың маңызы зор», – дейді ауыл шаруашылығы көрмелерін ұйымдастырушысы Ләйлім Әбдірахманова.

агрокөрме

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің назарына өзінің техникасын ұсынғандардың бірі – «Агромашхолдинг КZ» компаниясы. Ел нарығында 20 жыл жүрген серіктестіктің тракторлары мен астық жинайтын комбайндары өңір кәсіпкерлеріне жақсы таныс. Аталмыш кәсіпорынның тракторларын бүгінде 6 млн-нан 120 млн теңгеден, комбайндарын – 70 млн-нан сатып алуға болады.

«Зауыттың өзі Қостанай қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, 8 облыста филиалдарымыз бар. Бүгінгі күні техникамызға сұраныс үлкен. Қазақстандық және шетелдік аграрийлермен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Трактор, комбайндар сатып қана қоймай олар істен шыққан жағдайда бөлшектерін ауыстыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет көрсетеміз», – дейді «Агромашхолдинг KZ» АҚ СҚОФ директорының орынбасары Вадим Тальков.

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x