Петропавл ЖЭО-да салынып жатқан мұржа осьтен ауытқып кеткен. Сондықтан қазір нысанда құрылыс жұмыстары тоқтап тұр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тамыздың 10-ы күні жергілікті пабликтердің бірінде Петропавл ЖЭО-да салынып жатқан құбырдың қисайып бара жатқандығы туралы бейнежазбаны көзіміз шалды. Оның қаншалықты шындыққа жанасатындығын анықтау үшін Qazaqstan Media тілшілері бірден монополист компанияның баспасөз қызметіне хабарласты. Кәсіпорын өкілдері ақпаратты растап отыр. Айтуларынша, ақауды құрылыс жұмыстарын қадағалайтын
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қызметкерлері тамыздың 8-і күні анықтаған.
«Тексеру шаралары барысында мамандар түтін мұржасының осьтен ауытқығандығын байқаған. Сондықтан құрылыс жұмыстары бірден тоқтатылды. Қазір тиісті есептеулер мен зерттеулер жүргізіліп, ақаудың қай жерден басталғаны анықталады. Кейін сол аралыққа дейін салынған құбырды бұзып, қайтадан барлық қауіпсіздік нормалары мен талаптарын сақтай отыра, қысқа мерзімде түтін мұржасын салу жұмыстары басталады», — делінген «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, құрылысқа «Қазтеплоспецстрой» ЖШС жауапты. Осы уақытқа дейін олар 180 метрлік құбырдың 30 метрден астамын салып үлгерген. Жаңа түтін мұржасы 2024 жылы іске қосылуы тиіс.