Бүгін Сарытомар ауылында Алаштың ардақты ұлы, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мәдени іс-шарада жергілікті талант иелері өнер көрсетіп, суырып салма ақындардың айтысы өтті. Жерлестеріміз спорттық сайыстарда бағын сынап, ақшалай жүлделерге ие болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Мағжан Жұмабаев – саналы ғұмырын қазақ халқының азаттығы мен еркіндігі үшін, азаматтардың білімге деген құштарлығын оятуға арнаған ұлт жанашырларының бірі де бірегейі. Оның өзі өлсе де, артынан қалған шығармашылық мұрасы ешқашан өлмейді. Сонысымен Мағжан Бекенұлы әрдайым жадымызда сақталып қалмақ. Бүгін де ақынның кіндік қаны тамған өлкеде 130 жылдық мерейтойы дүбірлетіп атап өтілді. Жиынға ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы, “AMANAT”  партиясының төрағасы Ерлан Қошанов арнайы келіп жиналған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

“Мағжан Жұмабаев – төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қаламгер, Алаштың азаттық жолында аянбай күресіп, ұлттық рухтың жаршысы болған біртуар тұлға. Ол қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы. Ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы жырлары халқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енді. Әсіресе, “Мен жастарға сенемін өлеңі өскелең ұрпақтың намысын қайраған теңдессіз туынды”, – деп жазған Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ерлан Қошанов өз атынан да жылы лебізін білдірді. Сөзінде сонау сындарлы қиын шақта Мағжанның атын атауға тыйым салынған кезде сарытомарлықтардың ұлы тұлғаның есімін өшірмей, қастерлеп келгенін айтты.

“Мағжан дегенде ойымызға алдымен қазақтың қасиетті қара өлеңі ойға оралады. Мағжан Жүсіпбек Аймауытов айтқандай жүректің қобызын шерте білген, өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет туғызған, сөзге жан бітірген Абайдан кейінгі ұлт ақыны”, – деді Ерлан Қошанов.

Одан кейін құттықтау сөз кезегі Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровқа берілді.

“Мағжан Жұмабаев аса білімді тұлға. Қазақ, араб, парсы, түрік, татар тілдерін еркін меңгерген. Ұзақ жылдар бойы тыйым салынған Мағжанның өлеңдері Шығыс елдерінде халық жадында сақталды, оған әндер жазылды. Соның арқасында Мағжанның мұрасы бүгінгі күнге дейін жетті”, – деді облыс әкімі.

Түркияның Гази университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Хулия Касапоглы Ченгел де бүгінгі салтанатты шараның қадірменді қонағы болды.

Мейман Мағжанның 125 жылдығында бой көрсеткен еді. Араға 5 жыл салып, қайта қауышып отырғанына қатты қуанышты екенін айтты. Нәзікжанды Мағжан жайлы қазақ тілінде ой білдіру ұлттық парыздары екенін де тілге тиек етті.

“Мағжан – сырлы ақын. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, Мағжанның өлеңдері жүрекке жылы тиеді. Мағжан елім, жерім, халқым деп құрбан болған Алаш қайраткері. Алаш үшін құрбан болғандар арыстардың алдында тағзым етеміз”, – деп отырғандардың рухын бір көтерді Хулия Касапоглы Ченгел.

Көрнекті тұлғаның мерейтойына Мағжан бабамыздың ұрпағы Жанат Қабдошұлы да келген. Ол жазушының үлкен ағасының немересі. Асылдың тұяғы ҚР Президенті мен СҚО әкіміне алғысын айтып, жиналған қауымға жүректен шыққан жылы тілегін білдірді.

Әдемі, әсерлі сөздерден кейін көптен күткен мерекелік концерт те басталды. Жергілікті өнерпаздар бірінен соң бірі ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кезек “Тұранның тұғырлы тұлғасы” атты халықаралық ақындар айтысына да келіп жетті. Оны денсаулығына қарамастан Қазақстанның Құрметті қайраткері Жүрсін Ерман да келіп тамашалады. Тіл шеберлері Мағжан жайлы жырлап, өзара сөз сайыстырды. Сахнаға шыққан ақындар бірінен бірі өтеді. Бірақ сайыс болғасын ішінен бір мықтыны анықтау – қазылардың міндеті. Бас жүлдеге Chevrole маркалы автокөлік қойылды. Оған қазылардың берген бағасы бойынша алматылық Шұғайып Сезімхан ие болды.


“Осыған дейін де бірнеше рет бас жүлдеге ие болып, темір тұлпар алдым. Бірақ, Мағжанның тойында алған жүлденің орны бөлек. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Жақсы күндерде жолығайық, қазақтың айтысы жасай берсін”, – деді суырып-салма ақын.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерейтойға жиналған қауымның қарасы қалың. Қаз-қатар тізілген киіз үй мен сахна алдында ине шаншитын жер жоқ. Келушілер мында қолөнер шеберлерінің шығарған бұйымдарымен де танысты. Негізінен, ұлттық өнерге басымдық берілген. Халықтың назарына қазақи нақышта тігілген төр көрпе, жастық, тақия сынды дүниелер қойылған. Бұларды дайындау үшін М. Жұмабаев ауданының тұрғыны Күләй Ғабдулина түн ұйқысын төрт бөліп, көз майын тамызған.

“Балаларға арналған доп тігіп әкелдім. Оларды жууға да болады. Денсаулыққа зиян емес. Керісінше, балалары осындай ойыншықпен ойнағанда ата-ананың да көңілі тыныш болады. Әйтпесе, қытайдың ойыншығының неден жасалатыны бізге беймәлім ғой”, – деді Күләй Ғабдулина.

Той өткізуге белгіленген аумақтың бір жағында қазақ күресінен сайыс өтті. Бұл жақта да облыстың әйгілі палуандары жиналған. Олардың ішінен үздігін анықтау оңай болмады.

80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде күш сынасқан спортшылардың ешқайсысы осал емес. Жеңімпазды анықтау біраз уақытты алды. Дегенмен, Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылының тумасы Алтынбек Аусағитов ақтық сынға суырылып шығып, өзінің шын мықты екендігін дәлелдеді. 10 жыл бойы қазақ күресімен айналысып жүрген жерлесімізге 500 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.

“Өте қуаныштымын. Енді Алла жазса 2 шілде күні “Қазақстан барысына” қатысамыз. Ол Астана қаласында өтеді. Өзім Петропавлда “Қызылжар арландары” клубының жетекшісімін. Мағжан атамыздың мерейтойында жеңіске жету мен үшін үлкен мәртебе”, – дейді 28 жастағы жерлесіміз.

Жалпы, салтанатты шараны 5 мыңнан астам адам тамашалады.


Көрермендер үшін еліміздің жарық жұлдызы Қуандық Рахым да өнер көрсетті.

Тағы оқыңыз: Петропавлда «Тұранның тұғырлы тұлғасы» атты халықаралық айтыс өтіп жатыр

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x