10 мамырда негізгі ҰБТ-2026 басталды. Тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады. Сынақ тапсырушылардың 74%-ы қазақ тілінде тест тапсырады. 26%-ға жуығы орыс тілінде, 851 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді, деп жазады Qazaqstan Media. 

2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан. Сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл 140 балды құрайды.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

«ҰБТ-ның бірінші күні бүкіл еліміз бойынша 926 адам, оның ішінде елордада 359 талапкер тестілеуден өтеді. Жалпы ҰБТ 45 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып қалып отыр», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов.

Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа ЖОО-на 50 балл. «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте «Қазақстан тарихы» және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл. Ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндері бойынша кемінде 3 балдан жинау қажет. 

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін, 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері (сондай-ақ грант иегері атанған жағдайда білім беру грант куәлігі) жойылады.

Тағы оқыңыз: «Sensitive» би театры Астанада өнер көрсетеді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *