ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде ел экономикасының 5%-ға өскенін айтты. Бұл жайында ол Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Үкімет отырысында 2023 жылдың 4 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде Қазақстан экономикасы 5%-ға өскенін мәлім етті. Бұл ретте нақты сектордағы өсім 4,8%, ал қызмет көрсету саласында 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады. Әсіресе, құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс салаларындағы көрсеткіш көңіл қуантады.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18%-ды құрады. Атап айтқанда, көлік және қоймалау – 39,3%, ауыл шаруашылығы – 26,5%, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 10%, сондай-ақ өнеркәсіп – 18,1%, оның ішінде тау-кен өндіру – 17,3% және өңдеу – 7% салаларында инвестиция тарту деңгейі өсіп отыр», — деп жариялады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Биыл мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге кіріс түскен. Жоспар артығымен орындалды. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Оның сөзінше, ел қазынасы 4 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 2 трлн 123 млрд теңгеге толыққан. Өз кезегінде Әлихан Смайылов өткен айлардың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы жақсы өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Жалпы ішкі өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға ұлғайды. Экономиканың базалық салаларында оң динамика сақталды. Өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға өсті», — деді Премьер-Министр.
Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлық макрокөрсеткіштердің өсуі тіркеліп отыр.
Тағы оқыңыз: СҚО-да полицейлер ірі есірткі партиясын тәркіледі