Петропавлда Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі қоғам қайраткері Жәлел Қизатовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Батыр. Қаламгер. Қайраткер» кітабының тұсаукесері өтті. Шара Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Басылым батырдың 105 жылдығына орай жарық көрген. Кітапқа Жәлел Қизатовтың өмір жолы, майдандағы ерлігі, мемлекеттік және қоғамдық қызметі, әдеби мұрасы туралы материалдар жинақталған.
«Былтыр жерлесіміздің 105 жылдық мерейтойына орай Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдарымен бірлесіп, біраз жұмыс атқардық. Оның ерлігі туралы жазылған материалдардың барлығын жинап, топтастырып, кітап етіп шығардық. Бұл басылымның жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызы зор деп ойлаймын», – деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов.
Жәлел Қизатов – Есіл ауданындағы Қарағай ауылының тумасы. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Соғыстан кейін ел игілігі жолында еңбек етіп, мемлекеттік және қоғамдық қызметтер атқарды. Сонымен қатар көркем, деректі және публицистикалық шығармалар жазды. 1968 жылы қызмет бабымен Қызылорда қаласына қоныс аударды.?500 беттен тұратын жаңа кітапта батырдың көпшілікке беймәлім қырлары қамтылған.
Кітаптың тұсаукесеріне өңірдің зиялы қауым өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты. Жаңа басылым батырдың есімін ұлықтап қана қоймай, оның өмір жолы мен шығармашылығын кейінгі ұрпаққа танытуға мүмкіндік береді. Бүгінде Петропавлда Жәлел Қизатовтың есімімен аталатын көше бар.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жастар арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталған халықаралық жоба іске қосылды

