Соңғы бес жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті қалай толықтырылды? Мемлекеттік қаржы қандай мақсаттарға жұмсалды? QM редакциясы осы сияқты маңызды ақпараттар жайлы СҚО бойынша тексеру комиссиясынан сұрап білді.
Мемлекет тарапынан қаржы бөлінуін бөлінеді. Бірақ, оның тиісті жерге жетуі өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Мысалы бес жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысының бюджетіне 2600-ден астам түзету мен нақтыланулар енгізілген.
«Оның ішіне бюджеттің игерілмеуі, қосымша кірістер, қаржылық несиелер кіреді. Тіпті, қарыздар да бар»,- деді СҚО тексеру комиссиясының мүшесі Абзал Қарабеков.
Соңғы бес жылда облыстық бюджетке кіріс кіру көрсеткіші 1,7 есеге артқан. Атап айтқанда, трансферттер көлемі 1,6, салықтық түсімдер 2,1 есеге өскен. Ақшалай айтатын болсақ, 2020 жылы қазынаға 328,7 млрд теңге кіріс кірген болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 518,9 млрд теңгеге жетіпті.
Салықтық түсімдердің құрылымында ең үлкен үлес — жеке табыс салығына тиесілі. Ол орта есеппен 30-35 пайызды құрайды. Әлеуметтік салық – 20-23, корпоративтік табыс салығы 15-20 пайызға тең. Қуанышқа орай, бұл сомалар жыл сайын артып келеді.
Алайда өңір бюджетінің негізгі толықтыру көзі — республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер. Оның Солтүстік Қазақстан облысы қазынасындағы үлесі 70-75 %-ке дейін жетеді. Өңір бұл тәуелділіктен әлі де арыла алмай келеді.
Статистикаға сүйенсек 2020-2024 жылдар аралығында солтүстікқазақстандықтар өз табыстарынан да көп қаржы жұмсаған.
«Бюджет шығыстары соңғы бес жылда 1,7 есеге артты. 2020 жылы 322,9 млрд теңгені құраса, 2024 жылы 539,1 млрд теңгеге », – деді Абзал Карабеков.
Тексеріс нәтижесінде шенеуніктердің бюджетті толық игере алмағаны анықталған. Ең үлкен игерілмеген сома 2021, 2022 және 2024 жылдарға тиесілі.
«Бұған жұмыс кестесінен артта қалу, конкурстық рәсімдердің ұзақ жүргізілуі, жоспарланған іс-шаралардың уақытында орындалмауы, жеткізушілер тарапынан тауарлардың жеткізілмеуі себеп болды», – деп түсіндірді Абзал Карабеков.
Ал өткен жылы қаржының игерілмеуінің басты себебі – республикалық ақшаның толық бөлінбеуі болған екен.
Тағы оқыңыз: СҚО-да АИ-95 маркалі бензин тапшы