Жыл басынан бері өңірде малдың қатысуымен жеті жол-көлік оқиғасы тіркеліп, тоғыз адам жарақат алған. Осы мәселені шешу үшін облыста «Қауіпсіз жайылым» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде, деп жазады Qazaqstan Media.
Облыстағы ең қауіпті жолдардың бірі — «Астана – Петропавл» республикалық автожолы. Әсіресе оның Аққайың ауданындағы Рублёвка мен Аралағаш ауылдарының арасындағы бөлігі. Өткен жылдары бұл аумақта мал қатысқан жол апаттары жиі тіркелген. Мұнда көлік қозғалысы өте қарқынды. Сондықтан жайылып жүрген төрт түлік жолға шығып кетпес үшін «Электрбақташы» атты инновациялық құрылғы орнатылған.
«Ауылдық округте мал басы көп — жеті табын жылқы, сондай-ақ сиыр мен ұсақ мал бар. Біз округ тұрғындарымен республикалық трассаға малдың шығуына жол бермеу үшін профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Трасса бойына жылқы мен сиырдың макеттерін қоямыз. Сондай-ақ «Электрбақташы» орнату жөнінде бақташылармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Үлгі ретінде «Электрбақташы» орнатқан Аралағаш тұрғыны Қайырлы Балғожинді айтамыз», — дейді Аққайың ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Әсет Ризаханов.
Учаскелік инспектордың айтуынша, тек өз округтерінде ғана жыл басынан бері мал жаю ережесін бұзғаны үшін 20-дан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Егістікке шығып кеткені үшін үш хаттама жазылған.
Тағы оқыңыз: «Саламатты Қазақстан» пойызы тайыншалықтарға қызмет көрсетуде