Келесі жылдан бастап кәсіпкерлер салықтық есепті тоқсан сайын емес, жылына бір рет тапсырады. Бірыңғай жер салығы да жойылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қаржы министрлігінің өкілдері солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесті. Жаңа Салық кодексін түсіндірді. Бизнес өкілдерін толғандырған сауалдарға жауап берді.
Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлер үшін тиімді ме?
«Жаңа Салық кодексінде арнаулы салық режимдерінің үш түрі бекітілген. Біріншісі өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғаларға қатысты. Оларға такси жүргізушілері мен үйде кәсібін дөңгелетіп отырған жандар жатады»,- деді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.
Ойын бизнесіне қатысты салық көлемі ұлғайтылды. Кәсіпкерлер бұрын 20 пайыз мөлшерінде коопоративті табыс салығын төлеу керек болды. Келер жылы мемлекеттік алым 25 пайызға дейін өседі.
«Жаңа құжатқа сәйкес, ұйымдарға бұрынғыдай жоспарлы тексерулер жүргізілмейді. Мамандар кәсіпкерлікке ескертпей келеді. Қосарланған құн салығына да бірнеше өзгеріс енгізілді. Кәсіпкер арнаулы салық режимінде жұмыс істейтін болса, салық төлемейді»-, деді Айнұр Сартаева.
Басқосуда камералық бақылау, салықтық тексерулер мен берешекті кейінге қалдыру сияқты күрделі мәселелер де талқыланды.