Петропавл қаласында жолаушы және жүк вагондарын шығаратын жаңа өндірістік кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Аталған жоба Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы өңірлік Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.
Өндіріс орны «ЗИКСТО» ЖШС аумағында орналасқан және оның жалпы ауданы 12 000 шаршы метрді құрайды. Жоба вагондар өндірісінің толық циклін қамтиды. Яғни, болашақта бұл нысан жүк және жолаушылар вагондарын отандық деңгейде жасап шығарады.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 24,3 миллиард теңгені құрайды. Оның нәтижесінде 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпорын қызметкерлерінің саны 950 адамға дейін өседі.
«Қазіргі уақытта зауытта IGM компаниясының индустриялық роботтарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, өндіріс процесін жаңарту мақсатында ескі ғимараттар 35 000 шаршы метр аумақта бұзылуда»,-деп хабарлады басқарма.
Құрылыс жұмыстары қатарында аумақты абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін жөндеу, қоршаулар мен кіреберіс жолдарды жаңарту, көгалдандыру және сыртқы жарықтандыру жұмыстары атқарылуда.
Жоспар бойынша, өндірістік кешен 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Тағы оқыңыз: Петропавл тұрғыны травматикалық тапаншаны жолда тауып алған