Солтүстік Қазақстанда өсімдіктерді қорғауда немқұрайлы қараған Петропавл қаласының ТҮКШ бөлімінің басшысы және Мамлютка қаласының әкімі тәртіптік жазаға тартылды. Сонымен қатар, заң бойынша отырғызуға тиіс 730 түп ағашты екпеген кәсіпкерлердің ісі сотқа өтуі мүмкін, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан облысының табиғат қорғау прокуратурасы өсімдіктер әлемін қорғау бойынша тексеріс жүргізіп, бірнеше заң бұзушылықты анықтады.
Тексеру нәтижесінде, жергілікті билік өкілдері ағаштардың орнына отырғызылуы тиіс сегіз мыңнан астам көшеттің көлемін негізсіз азайтқаны белгілі болды. Сонымен қатар, олардың отырғызылу мерзімі заң талаптарына сәйкес келмеген.
«Кейбір жағдайларда табиғатқа келтірілген зиян ескі есептеу тәсілдерімен анықталған. Ал 8 кәсіпкер заң бойынша отырғызуға тиіс 730 түп ағашты мүлде отырғызбаған. Бірақ оларға ешқандай шара қолданылмаған. Мамлют ауданында әкімдік тарапынан рұқсатсыз көшеттер тәркіленгені де белгілі болды»,-деп хабарлайды СҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Осы мәселелерден кейін облыс әкімдігі арнайы іс-шаралар жоспарын жасап, жасыл желектерді қорғау жұмыстарын күшейтті. Бір кәсіпкер өз міндетін орындап, 300 түп ағаш отырғызды. Қалғандарымен сотқа дейінгі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Егер олар талаптарды орындамаса, іс сотқа беріледі.
Заң бұзғаны үшін төрт лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы және Мамлютка қаласының әкімі бар. Сондай-ақ, Петропавл қаласы әкімдігі бөлімінің басшысы прокурор талабын уақытында орындамағаны үшін айыппұл төлеп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тағы оқыңыз: Темір тордың ар жағындағы айтыс