Петропавлда жасөпірімдер арасында дәстүрлі садақ атудан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген 400-ге жуық мергеннің басын қосты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Спорошылар төртнысана бойынша сынға түсті. Олар: орта азия, пута, қалқан және жамбы. Жарыста мерейі үстем болғандардың арасында Адина Ізтелеу де бар. Мерген Жамбыл облысынан келген. Нәзікжанды ел чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Айта кету керек, қаршадай қыздың ұлттық спортты жанына серік етіп жүргеніне 5 жылдан асқан.

«Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында аталған спорт түрін таңдадым. Бұл менің дүбірлі додалардағы алғашқы жеңісім. Алдағы уақытта қатысатын әр бәсекеде чемпион атанғым келеді», -деді Адина Ізтелеу.
Жарыстың қорытындысы бойынша Ұлытау облысының садақшылары 5 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Жамбыл облысынан келген құрама екінші орынды місе тұтса, үздік үштікті батысқазақстандықтар түйіндеді. Өкінішке қарай, дүбірлі додада солтүстікқазақстандық мергендер тұғыр биігінен көріне алмады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан саркомадан 3 адам көз жұмды