30 маусым күні Солтүстік Қазақстанда әскерге шақыру науқаны аяқталды. Өкінішке қарай, жоспар 15 пайызға орындалмаған. Оған қоса, әскерден жалтарып жүрген 630 азамат іздеуде жүр. Бұл туралы Qazaqstan Media редакциясының сауалына СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің берген ресми жауабынан белгілі болды.
Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі әскери шақыру науқанында 507 жас әскерге шақырылды. Оның 432-сі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бұл жалпы жоспардың 85 пайызы.
«Әскерге аттанған сарбаздардың 390-ға жуығы — ҚР Қарулы күштеріне, ТЖМ-ге — 17, Мемлекеттік күзет қызметіне — алты, шекара қызметіне — 12 азамат жөнелтілді. Жыл санап Отан алдындағы борышын өтеймін дейтін жастардың саны артуда»-, деп жазылған СҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің берген мәліметінде.
Қазіргі таңда облыста 1720 азамат әскерге жарамды. Оның ішінде 350 адам — толық жарамды, қалғаны шектеулі жарамдылықпен тіркелген. Ал әскерден уақытша босатылғандардың саны 11 мыңнан асады. Оның сегіз мыңы университет пен колледждерде оқитын студенттер. Қалғаны отбасылық жағдайы мен денсаулығы бойынша босатылған жандар.
«Облыста әскерден жалтару мәселесі әрқашан өзекті. Қазіргі таңда өңірде 630-дан астам жас іздеуде жүр. Биыл олардың 102-сі табылып, Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанды. 12-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деп хабарлады жауапты орган.
Осы ретте тағы бір қызықты ақпармен бөліссек, ағымдағы жылы облыста 63 азамат «40 күндік әскерге» барған. Аз уақыт ішінде әскери билет алу құны 390 мыңды құрайды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда СҚО ҚХА жанындағы «Аналар кеңесінің» кеңейтілген отырысы өтті