Солтүстік Қазақстан облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ұйымдастырылған жәрмеңке-көрмеде ерекше өнімдерімен көзге түскендердің бірі — 71 жастағы зейнеткер Эдуард Ульман. Ол жұбайы Натальямен бірге жеті жылдан бері сарымсақ өсірумен айналысып келеді. Бүгінде одан он түрлі өнім шығарып отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Мағжан Жұмабаев ауданы, Возвышенка ауылынан келген Ульман отбасы экологиялық таза, жоғары сапалы тұқымдық сарымсақ өсіреді. Жыл сайын төрт тоннаға дейін өнім алатын кәсіпкер Қазақстанның барлық өңірлеріне өз өнімін жібереді. Одан бөлек, Ресейдің 52 аймағына, сондай-ақ Тәжікстан мен Германияға да сарымсақ жеткізеді.
«Жасым 71-де. Сарымсақпен шұғылданғаннан бері денсаулығым жақсарды. Әсіресе өзіміз өндіріп жатқан ферменттелген сарымсақ өте пайдалы. Бұл өнім әрбір дәріханада болуы тиіс», — дейді Эдуард Ульман.
Жәрмеңкеде Ульман отбасы сарымсақтан жасалған он түрлі өнімін ұсынды. Оның ішінде сарымсақ тұздығы, шайға арналған шөп қоспалары, иммунитетті күшейтетін «жастық эликсирі» сынды ерекше өнімдер бар.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Солтүстік Қазақстанда үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биыл жоба аясында 32 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында сүт, ет, бал, тоқыма және ағаш бұйымдарын өндірушілер де бар.

Көрме қорытындысы бойынша үздік он кәсіпкер жобаның екінші кезеңіне өтсе, солардың ішінен үш кәсіпкер республикалық деңгейде өтетін көрмеге жолдама алады. Бұл жергілікті өндірушілер үшін өз өнімдерін кең нарыққа таныстыруға үлкен мүмкіндік болмақ.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға биыл 460-тан астам қандас пен қоныс аударушы көшіп келген