Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Краснокаменка ауылында найзағай салдарынан тұрғын үйде өрт шықты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға төртінші маусым күні болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, найзағай Целинная көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйдің шатырына түскен. Салдарынан бір бөлмедегі керме төбе мен жиһаз жанып кетті.
«От 20 шаршы метр аумаққа таралып кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖД қызметкерлері өртті дереу сөндірді. Зардап шеккендер жоқ», — делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Құтқарушылар найзағай маусымында қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Мамандар табиғи құбылыстардың салдарын ескеріп, тұрғын үй мен электр жүйелерін тиісті қорғаныс құралдарымен жабдықтау қажеттігін ескертеді.
Тағы оқыңыз: 200-ге жуық солтүстікқазақстандық науқас Halcsyon медициналық жабдығы арқылы сәулелік терапиядан өтті