Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» қаланың ірі — сауда орталықтарында «Денсаулық аралы» акциясын өткізді. Іс-шара барысында тұрғындар дәрігерлерге қаралып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайлы ақпарат алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ация «Тайга», «Квартал», «City Mall» сауда ойын-сауық орталықтарында ұйымдастырылды. Филиал мамандары МӘМС жүйесі туралы қалалықтардан түскен сұрақтарға тұщымды жауап беріп, сақтандандыру мәртебесін жоғалтпау тұрғысында пайдалы кеңестер берді.
«Сақтандырылған азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы кеңейтілген медициналық көмек ала алады. Оған ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтер, УДЗ, КТ, МРТ, ЭКГ сияқты диагностикалық қызметтер мен түрлі кеңес беру мүмкіндіктері кіреді», — деп МӘМС маманы атап өтті.
Акцияға 150-ге жуық петропавлдық қатысты. Қала тұрғындары емханаға бармай-ақ қан қысымын өлшеп, қандағы қант мөлшерін тексерді. Сонымен қатар бойы мен салмағын өлшетіп, дәрігерлерден денсаулықты жақсартуға арналған пайдалы кеңестер алды.
Тағы көріңіз: СҚО-да жыл басынан 2857 бала дене жарақатын алған