Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Васильевич Макиенко 100 жасына қараған шағында өмірден өтті. Қария қалалық көпбейінді ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дәрігерлер 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізген. Алайда ардагердің өмірін аман алып қалу мүмкін болмады. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ардагердің туған-туыстарына, жақындарына шын жүректен көңіл айтты.
«Біздің ардагеріміз өмірге құштар, белсенді және салауатты өмір салтын ұстанған, жас ұрпаққа рухтың мықтылығы мен нағыз патриотизмнің жарқын үлгісі болды. Өткен жылы ол өңір тұрғындарымен бірге Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқан сәт барша солтүстікқазақстандықтар үшін ерекше әсерлі болды. Келесі жылы ол 100 жасқа толар еді. Василий Васильевичтің ерлігі мен еңбегі, жарқын бейнесі солтүстікқазақстандықтардың жадында мәңгі сақталады», — деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Василий Макиенко 1926 жылы 24 қаңтарда Волошинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 17 жасында әскерге шақырылып, 44-ші және 142-ші атқыштар полкінде, кейін 317-ші гвардиялық атқыштар полкінде қызмет етті. Соғыстағы ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Кёнигсбергті алғаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыстан кейін Василий Васильевич су құбыры шаруашылығында еңбек етіп, кейін 13 жыл бойы техникалық жабдықтау басқармасында басшының орынбасары қызметін атқарды. Ол төрт қыз, сегіз немере және алты шөбере тәрбиелеп өсірген.
Еске сала кетейік, сәуірдің 20-сы 99 жастағы Василий Макиенконы мектеп оқушысы байқамай қағып кеткен. Ардагердің жамбас сүйегі сынып, бірден ауруханаға жатқызылды. Жеңістің 80 жылдығын да қария емдеу мекемесінде қарсы алған болатын.
Айта кетейік, 5 мамырда ҰОС ардагері Валентина Волкодав қайтыс болған еді.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ғана ардагер қалды. Ол — Федор Щеглов.
Тағы көріңіз: СҚО-да туберкулезбен ауырған оқушы 1000-нан астам адаммен байланыста болған