Солтүстік Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2024 жылы облыста 14 618 бала тегін спорт секцияларына қатысып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 636 балаға артқан, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Облыста 28 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде 10-ы мамандандырылған. Бұл мектептерде балалар спорттың көптеген түрімен айналысады. 2024 жылы спорттың 14 түрі бойынша қосымша бөлімшелер ашылып, балалардың спортпен қамтылуы кеңейтілді.
«Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында облыста 36 жаңа спорт нысаны салынды. Олардың қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жабық хоккей корттары, шағын футбол алаңдары және спорт алаңдары бар. Нәтижесінде, өңірдегі спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 53,8%-дан 57,3%-ға дейін артты», — делінген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған ақпаратта.

Облыста 648 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың біліктілігін арттыру мақсатында үнемі курстар өткізіліп тұрады. 2025 жылдың ақпанында Петропавл қаласында елордалық сарапшылардың қатысуымен 120-дан астам маман үшін тегін курстар ұйымдастырылды.
Өңірде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері 2024 жылы халықаралық және республикалық жарыстарда 414 медаль жеңіп алып, облыс намысын абыроймен қорғады. Ал облыстық деңгейде мыңға жуық жүлде еншілеген.
«Кристина және Инесса Шумековалар, Анна Стратан, Михаил Подлужный, Диас Омаров бүгінде өңірдің мақтанышына айналған. Олардың барлығы алғашқы қадамдарын БЖСМ базасындағы секциялардан бастаған. БЖСМ не спорттық секцияға жазылу үшін ата-аналар тікелей мектепке барып, қажетті бағытты таңдап, тиісті құжаттарды тапсыруы қажет. Бұдан бөлек, 2021 жылдан бастап елімізде мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы іске қосылған. Бұл жоба арқылы балалар ақылы секциялардан тегін үйірмелерге ауыса алады.
Бағдарламаға қатысу үшін artsport.edu.kz порталына кіріп, өтінім беру жеткілікті. Содан кейін бала ваучер алып, жаттығуға қатыса алады», — делінген жазбада.
