ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Онда өңірлердің өрт маусымына дайындығы пысықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазгидромет мамандарының хабарлауынша, биыл жаз ыстық әрі құрғақ болады. Сондықтан үкімет отырысында өңірлердің өрт маусымына дайындығы сөз болды. Премьер-министр өрт қаупі жоғары кезеңде барлық қызметтер шұғыл қимылдап, үйлесімді әрекет етуі маңызды екенін баса айтты. Сондай-ақ дайындық шаралары жеткіліксіз болған аймақтарға ерекше назар аударды.
«Тексеріс көрсеткендей, табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асырылып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елді мекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған. Далалы жерлерде, орманда өрт шығатын болса, бұл ауылдарға тікелей қауіп төндіреді. Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарында елді мекендердің аумағын қураған шөптер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмеген», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ал Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес.
Осыған байланысты үкімет басшысы өңір әкімдеріне биылғы маусымға дайындық жұмыстарын күшейтуді және бұл мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 60 жастағы ер адам өз үйінде танысын пышақтап тастаған