Солтүстік Қазақстан облысында «ЗИКСТО» зауытында вагондарды роботтар құрастыратын болады. Бұл туралы зауыттың директоры Данис Арасланов облыстық әкімдікте өткен отырыста айтты. «ЗИКСТО» зауыты платформалық вагондар, хопперлік вагондар және жолаушылар вагондарын өндірумен айналысады, деп жазады Qazaqstan Media.
Қазіргі таңда зауытта 450 адам жұмыс істейді. Былтыр өнім көлемі 100 миллиард теңгеге жетіп, 28%-ға өсім көрсетті. 2025 жылы зауыттың тапсырыстар портфелін ұлғайту және өндіріс көлемін арттыру мақсатында жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ.
Зауыт директорының айтуынша, 2025 жылы жаңа өндірістік жоба іске қосылады. Оның аясында жолаушылар вагондарын және платформалық вагондарды құрастыру үшін арнайы жаңа өндіріс корпусы салынуда. Инвестиция көлемі 24 миллиард теңге болмақ. Әрі жұмысшылар саны 900 адамға дейін артады. Жыл сайын үш мың вагон құрастыру жоспарлануда. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр.

«Жаңа өндірістік корпусқа заманауи роботтандырылған техника орнатылмақ. Бұл техника әртүрлі қозғалыс құрамының модельдеріне арналған тораптар мен құрамдас бөліктерді өндіруге мүмкіндік береді. Роботтардың енгізілуі өндіріс процесінің тиімділігін арттырып, жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, роботтандырылған жүйелер зауыттағы еңбек өнімділігін көтеріп, өндірістік шығындарды азайтады деп күтілуде»,-деді зауыт директоры Данис Арасланов.
Кәсіпорын болашақта жартывагон, мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған вагон-цистерна мен автотасымалдаушы вагондардың өндірісін игеруді жоспарлап отыр.
СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өз сөзінде өңірде вагон құрастыру кәсіпорнын дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар екенін айтты. Сондай-ақ, осы жобаның іске асуы теміржол көлігін жаңартуға маңызды үлес болатындығын жеткізді.
Тағы оқыңыз: Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров СҚО тұрғындарымен кездеседі