Оқыс оқиға жетінші наурызда болған. Петропавл қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде 29 жастағы ер адам 20 метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қалалық көпбейінді ауруханаға бірнеше ауыр дене жарақатымен ер адам жеткізілді. Ол облыс орталығындағы құрылыс алаңдарының бірінде 20 метр биіктіктен құлаған.

«Дәрігерлер жүргізген тексерулер нәтижесінде науқастан оң жақты пневмоторакс, өкпенің соғылуы, иық, бұғана, жамбас, аяқ сүйектерінің жабық сынуы анықталды. Сондай-ақ екінші дәрежелі травмалық шок диагнозы қойылды», — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Пациент бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлердің жедел және кәсіби әрекеттерінің арқасында оның жағдайын тұрақтандыру мүмкін болды. Төрт күн өткен соң науқас травматология бөліміне ауыстырылды. Бүгінде зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты.

«Аталмыш факті бойынша полиция тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады»,  -деді СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тағы оқыңыз: СҚО-да бес азамат шетелдік жұмысшыларды заңсыз пайдаланып келген

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *