Солтүстік Қазақстанда букмекерлік кеңселерде бәс тіккен мемлекеттік қызметшілер жұмыстан босатылды. Мұндай фактілерді өңір прокурорлары анықтаған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай фактілер Ақжар ауданында анықталған. Аудандық құрылыс және сәулет бөлімінің бас маманы «1XBET» букмекерлік кеңсесінде жүйелі негізде бәс тігіп келген. Осындай заң бұзушылықтарға Ұялы ауылдық округі әкімі аппаратының және Ақжар ауданы білім бөлімінің бас мамандары да жол берген.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жоғарыда аталған лауазымды адамдар жұмыстан босатылды.
«Өткен жылғы шілдеде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізілді, соған сәйкес мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар ойнауға тыйым салынады. Әйтпесе олар теріс себептермен жұмыстан шығарылуға жатады. Талдау шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтамау фактілері анықталды», — делінген облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Тағы оқыңыз: СҚО-да спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды