Елімізде пилоттық жоба іске қосылып жатыр. Ол бойынша енді азаматтар жеке куәліктерін онлайн ауыстыры алады. Ішкі істер министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бұйрық жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды, деп жазады Qazaqstan Media.
«Жобаның мақсаты – 2026 жылдың бірінші наурызына дейін жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жеке куәлік беру бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуді қолданыстағы тәртіпке балама ретінде онлайн форматқа көшіру», — делінген құжаттың түсіндірмесінде.
Жеке куәлікті онлайн ауыстыру тек оның мерзімі өтіп кету себебімен ғана жүзеге асырылмақ. Қызмет мына жағдайларда ғана көрсетіледі:
жеке куәлік мерзімінің аяқталуына 30 немесе одан аз күн қалса;
жеке куәліктің қолданылу мерзімі 10 күнтізбелік күн ғана асса.
«Өзге себеп бойынша қызмет «Электрондық үкімет» порталы және мобильді қосымшалар арқылы көрсетілмейді және көрсетілетін қызметті алушыға «рәсімдеу мүмкін емес, ХҚО-ға жүгініңіз» деген хабарлама жіберіледі», — делінген құжатта.
Былтыр жазда 15 маусымнан бастап жеке куәліктердің жаңа үлгісі беріле бастады. Онда жеке куәліктің алдыңғы жағында бұрынғыдай жеке деректер көрсетіледі — тегі, аты, әкесінің аты және туған күні. Азаматтың жынысы туралы ақпарат жаңадан қосылды — ол Е немесе Ә әріптерімен төменгі оң жақ бұрышта белгіленген.
Құжатты берген орган туралы ақпарат жарамдылық мерзімінің оң жағында орналасқан.
«Электрондық үкіметтің» ресми сайтында хабарланғандай, жеке куәліктер азаматтарға 16 жастан бастап беріледі және республика аумағында жарамды. Жеке куәлік 10 жылға беріледі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да көлік қаққан адам ауруханаға жетпей көз жұмды