Петропавлға еліміздің сегіз өңірінен спортшылар келді. Олар облыс орталығында ұйымдастырылған муай-тайдан республика чемпионатында бақтарын сынайды. Сонымен қатар, Түркияда өтетін әлемдік деңгейдегі жарысқа мықтыларды іріктейді, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Тай боксы немесе муай-тай деп аталатын бокс түріне қызығушылық жастар арасында артып келеді. Жұдырық пен шынтақ, тізе және аяқпен соққы жасауға болатын спорттың бұл түріне қыздар келе қоймайды. Дегенмен, Петропавлда ұйымдастырылған ересектер арасындағы жарысқа нәзік жандылар да қатысуда. Мәселен, Алматы облысының намысын қорғауға келген Даяна Дүйсенғали ақтық сынға жолдама алған. Ол өз салмағында үздіктердің қатарында.
«Мен спортқа келгенге дейін, бимен айналысқан едім. Ағам өзі спортшы, соған қызығып менде муай-тайға келдім. Муай-тай – ерекше спорт түрі. Аяқ-қол бірге жұмыс істейді. Алғашында ата-анам шамалы қарсылық білдірген. Қазір қолдайды. Болашақта басқа салада жұмыс істейтін болсам да, муай-тайды хобби ретінде бірге алып жүретін боламын», — дейді Даяна Дүйсенғали.
Бірнеше күнге шақталған жарыс барысында еліміздің 100 спортшысы рингке шығатын болады. Олардың арасында жеңіске жеткендері әлем чемпионатына жолдама алады.
Солтүстік Қазақстанның намысын қорғап жүргендердің бірі, әлемнің екі дүркін чемпионы –Шәміл Ермағанбет. 21 жастағы спортшының тай боксымен айналысқанына 10 жылдан асқан. Сол уақыттан бері ол түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, соңғы екі жылда әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған. Ол төтенше жағдайлар департаментінде жедел құтқарушы болып еңбек етеді. Бірінші кездесуде жерлесіміз Алматы облысынан келген қарсыласын тізе бүктірді.
«Өтіп жатқан чемпионатқа бір ай шамасында дайындалдым. Қарсыластардың осалы болмайды. Қатарға қосылып жатқан жастар бар. Олардың арасында да мықты спортшылар бар. Сондықтан қандай деңгейдегі жарыс болмасын, жіті дайындық керек. Бүгінгі кездесу қиын болды деп айта алмаймын. Үш раундты толық өткіздік. Чемпионатқа жолдама аламын деген үміттемін», — деп өз ойымен бөлісті халықарлық дәрежедегі спорт шебері Шәміл Ермағанбет.
Биыл тай боксынан Қазақстан чемпионатына сегіз облыстың спортшылары келген. Жеңімпаздарды марапаттау жексенбі күні өтетін болады.
Тағы оқыңыз: Жоғары аудиторлық палата СҚО-да тексеріс жүргізеді