М. Жұмабаев ауданының спортшылары аудандық «Солтүстік-2025» ойындарында бас қосты. Жарыстарға 18 құрама қатысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қысқы спартакиада аудан деңгейінде жыл сайын ұйымдастырылады. Басты мақсат-бұқаралық спортты дамыту, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Және үздік спортшыларды анықтап, аудан намысын облыстық жарыста абыроймен қорғап шығу.
«Спорт пен дене шынықтыру саласы — мемлекеттік саясаттың ажырамас бағыты. Ауыл спорты жаңа жеңістерге апаратын бастапқы қадам. Ауыл жастары арасынан біздің ауданды халықаралық чемпионаттарда танытқан спортшылар аз емес. Айтар болсақ, Подмогильный Василий, Тарабарин Василий, Крипникова Надежда, Нұралина Әнел. Соңғы жылдары ауданда жаңа спорт нысандары салынып жатыр. Ауданның 11 мың тұрғыны жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Облыстық «Солтүстік-2025» ойындары аясында допты хоккейден аудан құрамасы чемпион атанды. Бұл аудан тарихындағы бірінші жеңісі. Ауданның спорт саласын дамытуға үлес қосып жүрген әр азаматқа алғыс айтамын», — деді өз құттықтау сөзінде аудан әкімі Рахат Смағұлов.
Сонымен қатар, аудан әкімі аудандық жарысты ұйымдастырып отырған Советское ауылына конькиді тегін жалға беру үшін 20 жұп коньки сыйға тартты.
Кезекті спартикаданы Алтын дән ауылдық округінде өткізу кездейсоқтық емес. Ауылдық округ құрамасы былтыр сайыс қорытындысы бойынша үздік үштікке кірген.
«Аудан орталығында жабық хоккей корты бар. Биыл жергілікті бюджет есебінен Советское ауылында хоккей қорабы салынды. Жалпы 15 селолық округте мұз айдыны бар. 2024 жылы Алтын дән ауылдық округі үшінші орын алған болатын. Ал былтыр Булаев қаласының құрамасы чемпион атанған болатын. Бірақ, әр команданың жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар. Спортшыларымыз жоғары деңгейде өнер көрсетеді»,- дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Қанат Мұсатаев.
М. Жұмабаев ауданынан шығып, облыс намысын республикалық, халықаралық ареналарда қорғап жүрген спортшылар баршылық. Солардың бірі — Екатерина Рузанова. Ол еркін күрестен спорт шебері, баскетболдан облыс құрамасында өнер көрсетеді және қысқы президенттік көпсайыстың жүлдегері. Оған спартакиаданың алауын жағу мәртебесі бұйырды. Ал, жарыс жалауы спортшы, ардагер Демин Михайл Ивановичке берілді.
Осылайша, М. Жұмабаев аудандық қысқы «Солтүстік-2025» спартакиадасы салтанатты түрде ашылып, 18 құрама спорт алаңына шықты. Олар шорт трек, шаңғымен сырғанау, шағын футбол және көптің көзайымына айналған хоккей ойынынан бақ сынайды.
Шаңғымен әйелдер үш шақырымды бағындырса, ерлер бес шақырымды жүріп өтті. Шорт трек талабы бойынша қыздар төрт айналым, ерлер бес айналым конькимен сырғанады.
Ең тартысты сайыс хоккей болды. Шайбалы хоккейді бала кезден ойнап өскен спортшылар бір-біріне дес бермеді. Мұз алаңында нағыз қызу тартыс болды. Бір-бірінің айла тәсілдеріне қанық спортшылар әр сәтті ұтымды пайдалануға тырысты.
«Хоккеймен алты жастан бастап айналысамын. Жыл сайын спартакиадаға қатысамыз. Қарсыластарымыз осал емес. Бірақ, жеңіске жету үшін барымызды саламыз. Ауданда бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөледі. Сондықтан болар жерлестеріміз өңіріміздегі үздіктердің қатарында»,- дейді Молодогвардейск ауылдық округінің намысын қорғауға келген хоккейші Абзал Темірбаев.
Бақ пен бабы бірге шапқан құрамалар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Оның ішінде үздік деп Возвышенка ауылдық округтің құрамасы танылды. Екінші орын жарыс иелері, Алтын дән округінің еншісінде болса, командасы үшінші орынды Қарақоға ауылдық округ құрамасы місе тұтты.
Тағы оқыңыз: Петропавлдың ортасында түнде екі көлік соғылды