Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кетті. Оның орнына 44 жастағы Әли Әлиев келді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
27-ші қаңтар күні еліміздің футбол федерациясы бас бапкер Станислав Черчесовтың жұмыстан кеткені туралы мәлімдеді. Онымен бірге ұлттық футбол құрамасының жаттықтырушылар штабы да жұмысын тоқтатқан еді.
«Еңбек шарты екі жақтың өзара келісімі бойынша тоқтатылды. Станислав Черчесов Қазақстан құрамасының тізгінін 2024 жылғы маусымда ұстады. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасында 6 матч өткізіп, Норвегия құрамасымен тең ойнап, 1 ұпай жинады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасынан жаттықтырушылар штабы толық құраммен кетті. Қазақстан футбол федерациясы Станислав Черчесов пен оның штабына атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, мансабына табыс тілейді!», — делінген хабарламада.
Алғашында футболдан ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне үміткерлер тізімі қарастырылып жатқаны айтылған болатын. Енді еліміздің аяқдопшыларын «Қызылжар» ФК экс-бапкері Әли Әлиев жаттықтыратын болады. Бұл туралы ақпаратты KazFootball.kz. таратты.
Әли Әлиев осыған дейін «Қызылжар» ФК бас бапкері болды. Ол «Жеңіс», «Шахтер» және «Астана» жастар құрамаларында жұмыс істеген. Оның басшылығымен Петропавл командасы 2023 жылғы маусымның Премьер-Лигасында бесінші орынға ие болды. Конференциялар лигасының іріктеуіне қатысып, бірінші іріктеу кезеңінде Хорватияның «Осиек» командасымен кездескен болатын.
Тағы оқыңыз: СҚО-да мемлекеттік қызметті дұрыс көрсетпеген басшы жауапкершілікке тартылды