«Ауыл аманаты» байқауында үш солтүстікқазақстандық жеңімпаздар қатарынан көрінді. Олар «Үздік ауыл әкімі», «Үздік тауар кредиторы», «Үздік аспаздық өнім» номинацияларында жеңіске жеткен, деп жазады Qazaqstan Media.
«Ауыл аманаты» жобасы — үздік шаруашылыққа арналған республикалық конкурс. Бұл байқауға биыл қатысу үшін еліміздің барлық өңірінен 250-ден астам өтінім келіп түскен. Қазылар алқасының шешімімен 30 өтінім 10 номинация бойынша жүлделі орындарға ие болды. Олардың үшеуінде Солтүстік Қазақстан облысының азаматтары да бар.
М. Жұмабаев ауданы Полудин ауылдық округінің әкімі Мәдениет Қалиев «Үздік ауыл әкімі» атағын алса, тайыншалық «Аманат» ШҚ басшысы Шоқан Әлжан «Үздік тауар кредиторы» аталымында жеңіске жетті. Ал «Үздік аспаздық өнім» номинациясында Тимирязев ауданының жеке кәсіпкері Ақбөкен Құлбахина үздіктер қатарынан көрінді.
«Биыл біздің партия жобаға қатысушылар арасындағы үздік шаруашылықтар мен кооперативтерді жұртқа көрсету үшін арнайы конкурс өткізді. Олардың тәжірибесі болашақта «Ауыл аманаты» жобасын жетілдіру үшін пайдаланылады. Конкурс аясында біз ауыл өміріне ерекше назар аударуды көздедік. Ауыл — біздің алтын бесігіміз, мәдениетіміздің, дәстүріміздің және рухани өміріміздің сарқылмас қайнары», — деді марапаттау барысында AMANAТ партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар, Ерлан Қошанов мемлекет тарапынан жүйелі назар аударуды талап ететін бірқатар өзекті мәселені атап өтті. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындары үшін кепілсіз «тауарлық несие» енгізу, ауылдық округтер бюджетінің кіріс базасын арттыру және тағы басқалар.
«Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған сәттен бастап 16 мыңға жуық ауыл тұрғыны жеке кәсібін бастау үшін 2,5% жеңілдікпен шағын несие алыпты. Бұл 17 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жаңадан судьялар тағайындалды